МӘМС жүйесі шеңберінде жоғары технологиялық ота жасау жылдан жылға артып келеді. Осы ретте, туа біткен жүрек ақауы бар балаларды емдеуге қатысты Ұлттық ғылыми медициналық орталығының балалар кардиохирургы Алдабергенов Ербол Нұрланұлымен сұхбаттасқан болатынбыз.
-Ербол Нұрланұлы, медициналық орталықта қандай қызметтер көрсетіледі?
-Ұлттық ғылыми медициналық орталығы балалар кардиохирургия бөлімшесінде туа біткен жүрек ақауы бар балаларға ота жасайды. Клиникада жылына 1000-ға жуық ашық, жабық (эндоваскулярды) және миниивазивті (торакотомия, торакоскопия) оталар жасалынады. Орталық 2004 жылдан бастап балаларға ота жасап келе жатыр. Ота барысында заманауи технологиялар қолданылады. Дәрігерлер біліктілігін шетелде жетілдірген.
-Үй жағдайында баладан аурудың белгілерін қалай байқауға болады?
-Егер балада тершеңдік, ентігу, көгеру, салмақ қоспау, жиі ауыру, ісіну жағдайлары болса, онда балалар кардиохирургі немесе кардиологтың кеңесіне жүгінген жөн.
-Орталықта жоспарлы емді алудың тәртібі қандай?
-Алдымен баланы баалалар кардиологы немесе кардиохирург-дәрігерге көрсетіп кеңес алу қажет. Дәрігердің берген кеңесін жергілікті жердегі педиатр немесе кардиологқа көрсету қажет. Мұнан соң, дәрігер науқасты көрсеткіштер негізінде порталға қояды. Науқас жоспарлы емге дейін 10 күн ішінде анализдерді тапсырады.
Дәрігер анализдердің толық болуын және порталда баланың тіркелген туралы құжатын растайды. Науқаста ОРВИ, пневмония (жөтел, температура, мұрнынан су ағу) болса, дәрігер жоспарлы ем-шараны уақытша тоқтатады.
-Ата-ана баласымен бірге стационарда жатуға болады ма?
- Әрине, 5 жасқа дейінгі баламен ата-анасы бірге стационарда жатуына рұқсат берілген. Егер балада эпилепсия не болмаса баскада қосалқы патологиялар болса, өздігінен жүре алмаса, онда науқастың қасында ата-анасы жатуға болады. Ал, 5 жастан жоғары жастағы балалар өздері жатады. Тек отадан кейін 1-2 күн баланы күтуге рұқсат беріледі.
-МӘМС шеңберінде қандай операциялар жасалынады?
-Балалар кардиохирургиясында жоғарғы технологиялық медициналық көмек бойынша оталардың барлық түрлері МӘМС шеңберіне кіреді. Яғни, 18 жасқа толмаған балалар МӘМС жүйесінде жеңілдік санат болғандықтан медициналық орталықтағы қызметтерді ақысыз алады.
Айта кетерлігі, Ұлттық ғылыми медициналық орталықтың дәрігерлері жылда өңірлердегі шалғай ауылдарға арнайы барып, науқастарды қабылдайды.
Жақында дәрігерлер Түркістан облысы және Шымкент қаласында 600-ге жуық баланы қабылдап, 47 балаға Ұлттық ғылыми медициналық орталықта МӘМС есебінен ота жасауға жолдама берді.
Бұл іс-шараның әлеуметтік маңызы зор. Өйткені, туа біткен жүрегінде ақауы бар балалардың өмірін сақтап қалуға бағытталған. Дәрігерлер науқастарды қабылдау барысында ерте диагностика жасап, дұрыс ем тағайындайды.