МӘМС жүйесінде жұмыссыз жүкті әйелдің жеңілдік мәртебесіне ие болу тәртібі және өткен жылы жүкті әйелдерге көрсетілген қызметтерге қатысты сұрақтарға «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ Түркістан облысы бойынша филиалының Қыдырбаев Нұрлан Икрамұлы жауап берді.
- Нұрлан Икрамұлы, 2023 жылы ана мен баланың денсаулығын қорғауға медициналық сақтандыру қорынан қанша қаражат жұмсалды?
-Өткен жылдың есебі бойынша ана мен бала денсаулығын қорғауға байланысты медициналық қызметтерге 10,3 млрд теңге бағытталған. Орташа есеппен алғанда бір әйелге 300 мың теңгеге жуық қаржы жұмсалды.Фертильді жастағы 2202 әйелге темір тапшылығы анемиясын емдеуге 6,5 млн теңге көлемінде препараттар берілді.
Ал, акушерлік бейіндегі тәулік бойы және күндізгі стационарда ем алған 80 мыңға жуық әйелге көрсетілген қызметке 13,7 млрд теңге төленді. Айта кетерлігі, Қор тарапынан төленген қаржының басым бөлігі босану қызметтеріне жұмсалды. Сонымен қатар, перинаталдық кезең аурулары бар 11 мың жаңа туған нәрестені емдеуге 6,0 млрд теңге МӘМС жүйесі есебінен төленді.
-Мысалы, жүкті әйел МӘМС жүйесінде сақтандырылмаған. Жүйеге қатысу үшін 12 айға алдын ала ақы төлем жасауға мүмкіндігім жоқ, не істеуі керек?
-Жүктілік бойынша есепке тұру үшін әйелдің келесі мамандарға жүгінуге мүмкіндігі бар:
1) акушер-гинеколог – оның консультациясы МӘМС шеңберінде жүргізіледі, сондықтан қабылдауға жазылу үшін сақтандырылған болуы қажет;
2) жалпы практика дәрігері және акушер – олардың қабылдауы тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде жүргізіледі, адамның сақтандырылған мәртебесі қажет емес.
Яғни, сақтандырылмаған жүкті әйелді емхананың учаскесінде қабылдауға және жүктілік бойынша есепке қоюға болады.
Содан кейін үш күн ішінде әйел жеңілдікті санаттың өкілі – «Жұмыс істемейтін жүкті әйел» ретінде сақтандырылған мәртебесін алады. Ал ол жұмыссыз болса, мемлекет ол үшін жарна төлейді. Бұл оған МӘМС тізбесіне кіретін қажетті тексерулерден, скринингтерден және т. б. өтуге мүмкіндік береді. Сондай-ақ, бірыңғай жиынтық төлемді (БЖТ) төлеушілер үшін түсініктеме бергім келеді. Оны өздері үшін жұмыс істейтін адамдар төлейтіндіктен, БЖТ төлейтін әйел бұдан былай «жұмыс істемейтін» болып саналмайды және жеңілдік санатынан шығарылады.
- Жек кәсіпкерлік ресми түрде қызметі тоқтатылмады. Бүгінде уақытша жұмыс істемейді. Енді жеке кәсіпкер ретінде ары қарай жарна төлеу керек пе?
-Жүкті әйелдің шынымен жұмыс істемейтінін және жеңілдік мәртебесіне ие бола алатындығын растау үшін соңғы екі айда ол үшін зейнетақы жарналары мен әлеуметтік жарналар түспеуі керек.
Егер жеке кәсіпкер қызметі салық органдарында ресми түрде тоқтатылмаған болса, онда қолданыстағы жеке кәсіпкер ретінде жарналарды төлеуді жалғастырады. Өйткені, кәсіп иесі есептілікті, тіпті «нөлдік» төлемді тапсырады және заң бойынша қажетті төлемдерді жүргізеді. Жұмыс істемейтін жүкті әйел ретінде жеңілдік санат бойынша сақтандырылу үшін жеке кәсіпкерліктің салық органдарындағы қызметін ресми түрде тоқтатуы қажет. Сонда ғана жеңілдік санат үшін МӘМС жарналарын мемлекет төлейтін болады.
-Жүкті әйелге скринингтен және басқа перинаталды тексерулерден өтуі керек. Бірақ емханада науқасқа жолдама берілмеді. Өйткені, МӘМС жүйесінде сақтандырылмаған. 1-2 жыл бұрын жұмыс істеген және МӘМС жүйесі үшін тиісті төлемдерді жүргізген. Жұмыстан шығып қалуына байланысты жарна төлеуге жағдайы келмеген. Енді жүйеге қатысу үшін не істеуге болады?
-Егер әйел сақтандырылмаған болса, оны жалпы практика дәрігері немесе акушер қабылдап, жүктілік бойынша есепке қояды. Бұл дәрігердің қабылдауы тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлеміне кіреді. 3 күн ішінде әйел жеңілдік санат ретінде сақтандырылған мәртебесін алады. Осыдан кейін ол МӘМС тізіміне кіретін барлық тексерулерге жолдама алады.
2023 жылы жүкті әйелдерге дәрігерлердің бақылауымен байланысты 1,3 млн қызмет көрсетілді. Бұл зертханалық және диагностикалық зерттеулер, скринингтер және басқа да қажетті медициналық қызметтер. Осыны қаржыландыруға МӘМС бойынша жалпы 3,4 млрд теңге қарастырылды. Олардың төрттен бір бөлігі туылмаған сәбидің ауруларын ерте диагностикалау үшін пренатальды скринингтік қызметтерге бағытталды.
- Жүктілік бойынша есепте тұрған науқас емханадан ультрадыбыстық тексеруден ақысыз өтуіне болады ма?
-Иә, қажетті тексерулер ТМККК және МӘМС шеңберінде қарастырылған. Сондықтан аталмыш қызметтерді науқас тіркелген емханасынан алуына болады. Әйел жүктілік бойынша есепке тұрады, содан кейін акушер-гинеколог онымен жүктілік кезең бойына жұмыс жүргізеді. Алдымен өмір тарихы жиналады, пациент пен оның серіктесінің медициналық деректері зерттеледі. Жүкті әйелдің жеке картасы жасалады, оған айырбастау картасы беріледі. Міндетті тексеру тағайындалады, оған зертханалық талдаулар, хромосомалық патология және құрсақішілік ұрықтың туа біткен даму ақаулары бойынша тәуекел тобын анықтау үшін пренаталдық скрининг, ЭКГ, қажет болған жағдайда ЭхоЭКГ, бүйректің УДЗ, көрсетілімдер бойынша стоматолог пен отоларингологтың консультациясы кіреді.
Жүктілік кезінде үш реттік ультрадыбыстық скрининг тағайындалады.Атап өтерлігі,
1) 11 аптадан 13 апта 6 күнге дейін;
2) 19 аптадан 21 аптаға дейін;
3) 30 аптадан 32 аптаға дейін.
Яғни, сіз бұл тексерулер үшін жеке төлем жасамауға, өз емханаңыздан өтуге құқығыңыз бар.
Егер науқастың медициналық көмекке қатысты сұрақтары болса, онда емханадағы Пациенттерге қолдау көрсету қызметіне сұрауға болады. Сонымен қатар, Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының fms.kz ресми сайты, 1414 байланыс орталығы, Qoldau 24/7 мобильді қосымшасы және Telegram-дағы SaqtandyryBot кері байланыс арналары арқылы да өтініш қалдыруға мүмкіндік қарастырылған. Дәл осы құралдар арқылы сақтандыру мәртебесін анықтауға да болады. Ал, МӘМС жүйесі үшін жүргізілген төлемдер туралы ҚР egov.kz электрондық үкіметінің сайтындағы «Денсаулық сақтау» бөлімінде «Медициналық қызметтер туралы және МӘМС-те аударылған сомалар туралы ақпарат» мемлекеттік қызметі арқылы анықтау мүмкіндігі бар.