Төлеби аудандық ауруханасына қарасты Бірінші Мамыр дәрігерлік амбулаториясында жылжымалы диагностикалық медициналық кешен жұмыс істеп, ауыл тұрғындарына кешенді медициналық тексеру жүргізілді.
Іс-шара барысында тұрғындар жолдамасыз заманауи медициналық құрылғылар арқылы толық диагностикалық тексеруден өтіп, терапевт, педиатр, окулист, ЛОР, уролог және эндокринолог мамандарынан кеңес алды. Сонымен қатар, қажетті ұсынымдар берілді.
Аталған шара ауыл тұрғындарының денсаулығын бақылауға, ауруларды ерте кезеңде анықтауға және олардың алдын алуға бағытталған маңызды қадам болды.
Сондай-ақ тұрғындарға міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесі туралы жан-жақты ақпарат беріліп, тіркелу тәртібі, жарна төлеу және көрсетілетін қызмет түрлері бойынша түсіндіру жұмыстары жүргізілді.
Ауыл тұрғындары көрсетілген медициналық қызметтің қолжетімділігі мен сапасына жоғары баға беріп, медицина қызметкерлеріне алғыстарын білдірді.
Жалпы тәжірибелі дәрігер Азиза Бабаханқызының айтуынша, жылжымалы медициналық кешеннің негізгі мақсаты – алыс және қолжетімділігі төмен елді мекендердегі тұрғындарға медициналық көмекті жақындату. Яғни, шалғай аймақтарға дәрігерлерді жеткізу, ауруларды ерте анықтау, профилактикалық тексерулер жүргізу және созылмалы науқастарды бақылау.
«Жылжымалы медициналық кешен – бұл медициналық көмекті халықтың өзіне жеткізетін тиімді құрал», – дейді маман.
Мұндай жылжымалы медициналық қызметтер алдағы уақытта да жоспарға сәйкес жалғасып, шалғай елді мекен тұрғындарының денсаулығын жақсартуға өз үлесін қоса береді.
