

«Әділет» партиясы ҚР Құрылтайы депутаттарының сайлауына арналған үгіт-насихат науқанына ресми түрде кірісіп, республикалық штабын ашты.
Қазіргі таңда ел бойынша 20 аймақтық және 226 аумақтық штаб жұмыс істеп жатыр, ал шараларға 30 мыңға жуық сенімді өкіл жұмылдырылған. Партияның «Әділетті болашақ үшін» бағдарламасы 7 стратегиялық мақсат пен 10 басым бағытты қамтиды. Олар: «Заң және тәртіп», «Тиімді институттар», «Күшті өңір – қуатты мемлекет», «Цифрлық мемлекет», «Әділетті әрі бәсекелі экономика», «Әлеуметтік жауапкершілік пен атаулы қолдау», «Адам капиталына инвестиция», «Таза Қазақстан» және «Жауапты орта держава» бағыттары.
Бағдарламаның басты ерекшелігі – қоғамда көптен бері көтеріліп келе жатқан мәселелерге нақты сандық индикаторлар арқылы жауап беруге талпыныс жасалған.

Партия әрбір азаматқа шаққандағы тұрғын үймен қамтамасыз ету көлемін 30 шаршы метрге дейін жеткізуді, халықтың орташа өмір сүру ұзақтығын 77 жасқа дейін арттыруды, 1 миллион жаңа жұмыс орнын құруды және 1 миллион ауыл тұрғынының табысын көбейтуді мақсат етіп отыр. Сонымен қатар орта бизнестің экономикадағы үлесін қазіргі деңгейден үш есеге арттыру, агроөнеркәсіптік кешенде өңделген өнім үлесін 70 пайызға дейін жеткізу, 5 миллион қазақстандықты жасанды интеллект технологияларын қолдануға үйрету жоспарланған.
Ауылдық аумақтарды дамыту да бағдарламаның маңызды бағыттарының бірі ретінде көрсетілген. Онда «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында 2,5 пайыздық жеңілдетілген микронесиелер беру, жергілікті маңызы бар автомобиль жолдарының 95 пайызын жөндеу және ауылдардың 97 пайызын интернетпен қамтамасыз ету көзделген. Сондай-ақ 30 мың отбасыны апатты тұрғын үйлерден көшіру және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық желілерін жаңғыртуға 13 триллион теңге бөлу ұсынылған.

Саясаттанушы Данияр Әшімбаевтың айтуынша, ұсынылған бағдарлама қазіргі мемлекеттік саясатпен үйлесім тапқан және Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жүргізіп отырған реформалардың жалғасы ретінде көрінген. Оның пікірінше, құжат қоғамның әлеуметтік сұраныстары мен қоғамдық пікірді ескерген.
«Партия непотизм мен кландық жүйенің қалдықтарын жоюды, цифрландыру арқылы шешім қабылдаудағы адами факторды барынша азайтуды, «Еститін мемлекет» қағидатын күшейтуді, даму басымдықтары әртүрлі бес макроөңір қалыптастыруды, экономиканың шикізаттық моделінен арылуды, халық табысын арттыруды, инвестициялық ахуалды жақсартуды, шағын және орта бизнесті дамытуды, жасанды интеллектті пайдалана отырып заңнамаға ревизия жүргізуді, AI Hub пен деректерді өңдеу орталықтарының алқабын іске қосуды, сондай-ақ салауатты өмір салтын қалыптастыру жөніндегі ұлттық науқанды бастауды ұсынып отыр.
Жалпы алғанда, бағдарлама Қазақстанның соңғы жылдардағы жетістіктеріне жоғары баға береді және оларды Мемлекет басшысының стратегиялық бағытына сәйкес әрі қарай дамытуды көздейді. Құжат Президенттің саяси бағдарына негізделген және қазіргі даму жоспарларымен, тұжырымдамаларымен және доктриналарымен өзара үндеседі. Сонымен бірге бірқатар негізгі бағыттардың әлеуметтік сипаты күшейтілгенімен, қазіргі мемлекеттік саясатпен ешқандай қайшылық байқалмайды.
«Әділет» мемлекеттік басқару, экономика, әлеуметтік сала, экология және құқықтық саясаттың барлық негізгі бағыттарын қамтып, олардың басым бөлігінде жасанды интеллект құралдарын кеңінен қолдануды ұсынады. Бұл да бүгінгі жүргізіліп отырған саясаттың бағытына сай келеді», - дейді ол.
Сарапшының сөізнше, «Әділет» партиясының сайлауалды бағдарламасында ұсынылған бастамалардың басым бөлігі дәстүрлі қоғамдық-саяси және әлеуметтік-экономикалық мәселелерді шешуге бағытталған дәстүрлі тәсілдерге негізделген. Алайда олар қазіргі саяси жағдай мен елдің даму ерекшеліктерін ескере отырып жаңартылған.
Ал саясаттанушы Асхат Қасенғали бағдарламаның әлеуметтік және инфрақұрылымдық бөлігін ерекше атап өтті. Оның пікірінше, тұрғын үй-коммуналдық желілерін жаңғырту, тұрғын үй қолжетімділігін арттыру, орта бизнестің экономикадағы үлесін 7 пайыздан 20 пайызға дейін жеткізу және 1 миллион сапалы жұмыс орнын құру халықтың табысын арттыруға бағытталған маңызды бастамалар болып саналады.
Сарапшы сондай-ақ Ұлттық қор қаражатын ағымдағы шығындарға емес, тек стратегиялық жобаларға пайдалану туралы ұсынысты және цифрлық мониторинг жүйесін енгізу идеясын бағдарламаның жауапкершілікті күшейтетін тұстары ретінде бағалады.

«Партия Ұлттық қор қаражатын шығындарды жабуға пайдалануға жол бермеуді ұсынып, оның қаржысын тек стратегиялық маңызы бар даму жобаларына бағыттау қажеттігін жазыпты. Бағдарламада нақты уақыт режимінде жұмыс істейтін цифрлық мониторинг панелін іске қосу да айтылған. Бір жағынан, бұл азаматтарға мемлекеттік міндеттемелердің орындалуын тұрақты бақылауға мүмкіндік береді. Екінші жағынан, партияның өзі үшін де жоғары жауапкершілік жүктейді, өйткені бес жылдық кезеңнің соңында орындалмаған міндеттерді дәстүрлі бюрократиялық сылтаулармен ақтау мүмкіндігін іс жүзінде қиын болмақ.
Дегенмен, кез келген құжаттың шынайы құндылығы оның мазмұнымен емес, іс жүзінде орындалу қабілетімен өлшенеді ғой. Партияның саяси салмағы мен ұсынылған бастамалардың тиімділігі сайлаудан кейін атқарушы билікпен өзара іс-қимыл барысында айқындалады», - деді ол.
Асхат Қасенғали кез келген сайлауалды бағдарламаның құндылығы уәделердің санымен емес, олардың орындалуымен өлшенетінін айтты.
Қорытындылай келе, «Әділет» партиясы әлеуметтік қолдау, экономиканы әртараптандыру және цифрлық трансформация бағыттарын қамтитын ауқымды сайлауалды бағдарлама ұсынған. Бағдарламада қойылған мақсаттар мен міндеттердің іске асуы партияның саяси әлеуетіне, қаржылық мүмкіндіктеріне, сондай-ақ оларды жүзеге асыруға арналған нақты тетіктердің тиімділігі мен мемлекеттік институттардың үйлесімді жұмысына тәуелді. Сондықтан бағдарламаның нәтижелілігі оның мазмұнынан ғана емес, оны іс жүзінде орындау деңгейінен де көрінетін болады.
Сайлауалды бағдарламаның толық мәтінін "Әділет" партиясының сайтынан оқи аласыздар.
Дайындаған:
«Әділет» партиясының баспасөз қызметі.
«Әділет» партиясы» ҚБ сайлау қорының қаражаты есебінен төленді.
Тапсырыс беруші: Н.Т. Мыңжасаров.