

Жолдауда айтылған басымдықтар бойынша өңірдегі медицинада болып жатқан өзгерістер бойынша Түркістан қалалық орталық ауруханасының басшысы Гүлмира Ахметқызымен сұхбаттасқан болатынбыз.
– 2020 жылы Түркістан қаласында 570 төсек-орындық көпбейінді облыстық аурухананың құрылысы басталды. Бұл – елімізде жоспарланған жиырма ірі медициналық нысанның алғашқысы. Кешеннің жалпы аумағы 82 мың шаршы метрден асады, ал құрылысы 15,6 гектар жерге орналасқан. Жоба Денсаулық сақтау министрлігі арқылы жүзеге асырылып, нысанды 2026 жылы пайдалануға беру жоспарланған.
Аурухана іске қосылған соң, 2000-нан астам маман қызмет етеді, оның ішінде 415 дәрігер. Көпбейінді облыстық аурухана12 бейінді бағыт бойынша тәулік бойғы көмек көрсететін, жоғары технологиялық операциялар мен күрделі диагностикалық қызметтерді орындайтын өңірлік орталыққа айналады.
Кешен заманауи IT-инфрақұрылыммен, цифрлық шешімдермен және 12 000-нан астам медициналық құрал-жабдықтармен толық қамтамасыз етіледі.
Қазір Түркістан қалалық орталық ауруханасы өңір халқына қызмет көрсетіп отыр. Кадрлар жеткілікті, тек реаниматолог-дәрігерлерге қатысты тапшылық бар. Бұл мәселе резидентураны тәмамдаған жас мамандар есебінен кезең-кезеңімен шешілуде.
– МӘМС жарналарының денсаулық сақтау жүйесін дамытудағы рөлі қандай деп ойлайсыз?
– МӘМС жүйесі – саланың тұрақты дамуының негізгі тетігі. Жүйеге төленетін жарналар есебінен халықтың сапалы, тегін және қолжетімді медициналық көмек алу мүмкіндігі артты.
МӘМС қаржысы арқылы жоғары технологиялық зерттеулер мен қымбат операциялар тегін немесе қолжетімді деңгейде ұсынылуда. Бұл әлеуметтік теңдікті қамтамасыз етіп қана қоймай, өңірдегі медициналық қызмет сапасын көтерді.
Сонымен қатар, жарналар есебінен медициналық ұйымдардың материалдық-техникалық базасы жаңартылып, заманауи цифрлық технологиялар енгізілуде. Кадрларды оқыту мен олардың біліктілігін арттыруға да осы қаражат бағытталады.
– МӘМС аясында ауруханаңызда көрсетілетін қызметтер тізбесі қалай кеңейді?
– Соңғы жылдары қызмет көлемі айтарлықтай ұлғайды.
Біріншіден, стационарлық және стационарды алмастырушы көмек көлемі артты. Бұрын тек жоспарлы ем жүргізілсе, бүгінде шұғыл көмек пен тәулік бойғы емдеу толыққанды қаржыландырылады.
Екіншіден, қымбат диагностикалық қызметтер – компьютерлік томография, ангиография, эндоскопиялық зерттеулер тұрғындарға тегін ұсынылады. Бұл жүрек-қан тамыр және инсульт бағыттарында ерте диагноз қоюға мүмкіндік берді.
Үшіншіден, жоғары технологиялық операциялар саны артты. Нейрохирургия, травматология, урология, ЛОР және кардиохирургия салаларында күрделі оталар жасалады.
Төртіншіден, оңалту және паллиативтік көмек тұрақты түрде МӘМС қаржысы есебінен жүргізіліп келеді.
Бүгінде Түркістан қалалық орталық ауруханасы 19 бағытта мамандандырылған, оның ішінде 4 салада – интервенциялық кардиология, урология, хирургия және оториноларингология бойынша жоғары технологиялық қызмет көрсететін өңірлік орталыққа айналды.

– Түркістан қалалық орталық ауруханасының бүгінгі басым бағыттары қандай?
– Біздің басты мақсат – халыққа қолжетімді әрі сапалы көмек көрсету. Медициналық көмектің сапасы мен қолжетімділігін арттыру.Жоғары технологиялық қызметтерді дамыту. Инфрақұрылымды жаңғырту және цифрландыру. Кадр әлеуетін нығайту және үздіксіз кәсіби даму.Жаңа көпбейінді облыстық ауруханамен сабақтастық орнатып, қызмет сапасын облыстық және республикалық деңгейге көтеру.
– Ауыл тұрғындарына сапалы медициналық көмекті жақындату үшін қандай шаралар жүзеге асырылып жатыр?
– Ауыл тұрғындарына көмек көрсету – біздің басты назарымызда тұрған мәселе. Қазір аурухана тарапынан Сауран, Созақ, Отырар, Бәйдібек аудандарының және Кентау қаласының тұрғындарына толық көлемде стационарлық және стационарды алмастырушы көмек көрсетіледі.Телемедицина мен медициналық авиация арқылы шалғай елді мекендердегі тұрғындарға кеңес беріліп, емдеу әдістемелері ұсынылады.
Сонымен қатар, жүкті және босанған әйелдерге перинаталдық өңірлендіру қағидаттары бойынша жоғары деңгейлі көмек көрсетіледі.
Инсульт пен инфаркт жағдайларында шұғыл көмек дер кезінде көрсетіліп, стенттеу мен эндоваскулярлық операциялар жергілікті жерде жасалады.
– Алдағы уақытта қандай жаңа бөлімшелер ашу жоспарланып отыр?
– Көпбейінді облыстық аурухана пайдалануға берілген соң, жаңа бағыттар ашылады.
Жоспарда:
• Кардиохирургия
• Комбустиология
• Гематология
• Токсикология
• Онкология (оның ішінде онкогинекология, химиотерапия, радиациялық онкология)
• Физиологиялық босану және патология бөлімдері
Бұл бөлімдер өңір халқына бұрын тек республикалық деңгейде қолжетімді болған күрделі ем түрлерін жергілікті жерде алуға мүмкіндік береді.