События

Тәжірибелі эндоскопист талай баланың өмірін сақтап қалды

Yesterday, 07:02
2 mins read
89
Тәжірибелі эндоскопист талай баланың өмірін сақтап қалды
МӘМС

Түркістан облыстық балалар ауруханасының тәжірибелі эндоскопист дәрігері Бабуржан Рахманкулов балалардың тыныс алу және асқазан-ішек жолдарына түскен көптеген бөгде заттарды сәтті алып, талай бүлдіршіннің өмірін аман сақтап келеді.

Балалар эндоскопиясы – жоғары технологиялық құрал-жабдықтарды ғана емес, дәрігерден үлкен жауапкершілік пен жоғары кәсіби шеберлікті талап ететін күрделі медициналық бағыт. Ауруханада эндоскопиялық көмек тәулік бойы көрсетіледі. Қажет болған жағдайда санитариялық авиация қызметі арқылы да шұғыл медициналық көмек ұйымдастырылады.

Мамандардың айтуынша, балалар көбіне ойыншықтардың ұсақ бөлшектерін, монеталарды, пластик қақпақтарды, скрепкаларды, магнитті шариктерді, дискілі батареяларды және басқа да ұсақ заттарды жұтып қояды. Ал 2–3 жас аралығындағы балаларда тыныс алу жолдарына жаңғақ, дән, тұқым және басқа да ұсақ заттардың түсіп кетуі жиі кездеседі. Жаз мезгілінде шөптің масағы да тыныс алу жолдарына түсіп, қауіпті жағдай туғызуы мүмкін.

Дәрігерлер ата-аналарға үш жасқа дейінгі балаларды мұқият бақылап, тек ірі ойыншықтармен ойнатуға кеңес береді. Әсіресе магнитті шариктер мен дискілі батареялары бар ойыншықтардан сақ болған жөн. Себебі мұндай заттар баланың денсаулығына аса қауіпті.

Облыстық балалар ауруханасында эндоскопиялық құрылғылардың көмегімен:

  • асқазан-ішек жолдары мен тыныс алу жолдарындағы бөгде заттар алынады;

  • шұғыл эндоскопиялық диагностика жүргізіледі;

  • жедел хирургиялық патологиялар дер кезінде анықталып, қажетті ем көрсетіледі.

Эндоскопиялық диагностика мен емдеу Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесі аясында жүзеге асырылады. Бұл сақтандырылған 18 жасқа дейінгі балаларға асқазан-ішек жолдары мен бронх-өкпе жүйесі ауруларын анықтау және емдеу қызметтерін қосымша ақысыз алуға мүмкіндік береді.

Дәрігерлер баланың денсаулығында қандай да бір өзгеріс байқалса немесе бөгде зат жұтып қойғанына күдік болса, уақыт жоғалтпай дереу медициналық көмекке жүгінуге шақырады. Уақытылы көрсетілген көмек баланың өмірі мен денсаулығын сақтап қалудың басты кепілі.

a24d43e5-cea2-4f5b-b120-6ea920461f97.webp

Жазылыңыз және әлеуметтік желілердегі жаңалықтарымызды қадағалаңыз
Мәтінде қате бар ма? Бізге хабарлауыңызды өтінеміз. Қатені бөлектеп, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз

Соңғы жаңалықтар

19 шілде
18 шілде
17 шілде
16 шілде