Подростка, напавшего на ребёнка в лифте, избили санитары

Түркістан облысында ана мен бала денсаулығына басымдық берілуде

25 мау, 05:23
2 mins read
511
Түркістан облысында ана мен бала денсаулығына басымдық берілуде
МӘМС

Ана мен бала денсаулығын сақтау — Түркістан облысы үшін басты әлеуметтік басымдықтардың бірі. Бұл бағытта өңірде кешенді шаралар іске асырылып, нақты нәтижелерге қол жеткізілуде. Бұл туралы облыс әкімі Нұралхан Көшеровтың төрағалығымен өткен жиында айтылды.

Бүгінде Түркістан облысының халқы 2,2 миллионнан асады. Оның ішінде репродуктивті жастағы әйелдер — 433 мыңнан астам, ал 18 жасқа дейінгі балалар — 900 мыңға жуық. Жыл сайын облыста орта есеппен 54 мың сәби дүниеге келеді.

Ана мен баланың денсаулығы — қоғамның әл-ауқаты мен болашағының айнасы, ұлттың тұрақты дамуының кепілі. Бұл салада тек көрсеткіштерге ғана емес, нақты нәтижеге жұмыс істеуіміз керек. Жүйелі бақылау, білікті кадрлар, қолжетімді диагностика және заманауи технологиялар — біздің негізгі құралымыз. Инфрақұрылым, кадр және технология өзара үйлесімді жұмыс істеуі тиіс, — деді облыс әкімі.

Өңірдегі жоғары демографиялық өсім денсаулық сақтау жүйесінен сапа мен тиімділікті талап етеді. Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Асхан Байдувалиевтің айтуынша, соңғы екі жылда ана мен бала өлімі тұрақты түрде төмендеген. Бұл оң өзгерістер профилактикалық скринингті кеңейту, перинаталдық көмекті жетілдіру және кадрларды даярлау сапасының артуы нәтижесінде мүмкін болды.

Жүктілік кезінде ұрықтың даму патологияларын ерте анықтау — ана мен бала өмірін сақтаудың басты құралы. Бүгінде өңірде пренаталдық скринингпен қамту деңгейі 88%-ға жетіп, бұл көрсеткіш халықаралық стандарттарға жақындап отыр. Осы мақсатта 47 ультрадыбыстық диагностика (УДЗ) маманы оқытылып, оның ішінде 12 маман Ұлыбританияның Fetal Medicine Foundation (FMF) халықаралық сертификатына ие болды. Осы шаралар нәтижесінде туа біткен даму ақауларын ерте анықтау көрсеткіші 4%-ға артқан.

Сонымен қатар, «Аңсаған сәби» бағдарламасы Түркістан облысында нақты нәтижелерге жеткізуде. Бедеулікпен күрес және экстракорпоральды ұрықтандыру (ЭКО) қызметтерінің қолжетімділігі артып келеді. Соңғы төрт жылда бағдарлама аясында 780 бала дүниеге келді. Оның ішінде 84 егіз және 2 үшем тіркелген. Бұл қызметтер Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесі арқылы тұрғындарға тегін ұсынылуда. Бұл — әлеуметтік әділеттіліктің және медициналық көмектің тең қолжетімділігінің айқын көрінісі.

Жазылыңыз және әлеуметтік желілердегі жаңалықтарымызды қадағалаңыз
Мәтінде қате бар ма? Бізге хабарлауыңызды өтінеміз. Қатені бөлектеп, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз

Соңғы жаңалықтар

Бүгін