Трамп вводит 100% пошлины на китайские товары

Ақмола облысында тағы екі елдімекен табиғи газға қосылды

4 сағат бұрын
2 mins read
126
Ақмола облысында тағы екі елдімекен табиғи газға қосылды

Ақмола облысы Целиноград ауданындағы Талапкер ауылы мен оған іргелес Ыбырай Алтынсарин елдімекені табиғи газға қосылды. Жобаны өңір әкімдігімен бірлесе отырып, «QazaqGaz» ұлттық компаниясы жүзеге асырды. Оның жалпы құны 7 млрд теңгеден астам соманы құрады.

«Өңірімізде адамдардың өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған жобалар іске асырылуда. Жолдарды жөндеу, сумен, электрмен және қазір міне, табиғи газбен қамтамасыз ету – мұның бәрі тұрғындарға қолайлы жағдай жасауға арналған. Бүгін баршамыз үшін маңызы зор оқиға орын алды – Ыбырай Алтынсарин және Талапкер ауылдарына газ келді. Барлығыңызды шын жүректен құттықтаймын», - деді Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов.

Ұзындығы 200 шақырым асатын құбырлар желісі сағатына 26,7 мың текше метр газ тасымалдауды қамтамасыз етеді. Сала өкілдерінің айтуынша, газ қысымын реттеп, тарату қосындары екі ауылдағы 7 мыңдай үйді көгілдір отынмен тұрақты әрі үздіксіз қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Ал бұл еліміздің орталығындағы суық ауа райында өте өзекті болып отыр.

«Биыл 25 жылдық белесіне көтеріліп отырған компаниямыз үшін Мемлекет басшысының Астана агломерациясының экономикалық әлеуетін дамыту жөніндегі тапсырмасы ерекше маңызға ие. Бұл ретте Ақмола облысындағы елдімекендерді газдандыру халықтың өмір сүру сапасын жақсартып, бизнес үшін кең мүмкіндіктерге жол ашатыны анық», - деп атап өтті «QazaqGaz» ҰК» АҚ Басқарма төрағасы Әлібек Жамауов.

Алдағы уақытта газдандыру жобасы Астана агломерациясын толық қамтып, тұрғындар үшін қолайлы жағдайлар жасамақ және бизнес үшін жаңа мүмкіндіктер ашады. Сонымен қатар, игі қадам экологиялық жағдайға оң әсерін тигізбек.

«Үйімізге жылу мен жайлылық әкелетін жаңалыққа бала-шағамыз тегіс қуанып жатырмыз. Балаларым мен немерелерім енді көмір мен ағаш тасып әуре болмайды. Газ тетігін қосып, қажетті температураны орнатсаң жеткілікті, алаңсыз өміріңді жалғастыра бересің. Рахмет!», - деп ризашылығын білдірді Ы. Алтынсарин ауылында алғаш газға қосылған 69 жастағы зейнеткер Иман Қойбағаров.

Еске сала кетсек, таяуда Мемлекет басшысының қатысуымен Ақмола облысындағы Қосшы қаласына газ берілді.

Жазылыңыз және әлеуметтік желілердегі жаңалықтарымызды қадағалаңыз
Мәтінде қате бар ма? Бізге хабарлауыңызды өтінеміз. Қатені бөлектеп, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз

Соңғы жаңалықтар

Yesterday
09 қазан