Түркістан қалалық орталық ауруханасында онкологиялық науқасқа алғаш рет гастропанкреатодуоденальды резекция атты жоғары технологиялық және аса күрделі хирургиялық операция сәтті орындалды.
Бұл – онкохирургия саласындағы күрделі оталардың бірі. Операция барысында науқастың асқазанының шамамен үштен екі бөлігі, ұйқы безінің жартысы, он екі елі ішек, өт қабы және өт жолдары алынды. Сонымен қатар, ісіктің таралу қаупін азайту мақсатында онкологиялық хирургияның халықаралық стандарттарына сәйкес аймақтық лимфа түйіндері де толық көлемде алынды.
Күрделі хирургиялық отаны Түркістан қалалық орталық ауруханасының онкохирургі Ержан Тұрарбекұлы МӘМС жүйесі аясында сәтті орындады.
Гастропанкреатодуоденальды резекция – бірнеше сағатқа созылатын, бірнеше кезеңнен тұратын және операция барысында зақымдалған ағзалардың анатомиялық тұтастығын қайта қалпына келтіруді қажет ететін жоғары күрделіліктегі хирургиялық араласу.
Аталған операцияның Түркістан қаласында алғаш рет сәтті орындалуы – өңірде жоғары технологиялық медициналық көмекті дамытудағы және онкологиялық хирургияның мүмкіндіктерін кеңейтудегі маңызды жетістік.
МӘМС жүйесі аясында жоғары технологиялық медициналық көмектің қолжетімді болуы күрделі ауруларға шалдыққан азаматтарға заманауи медициналық технологиялар мен білікті мамандардың көмегін алуға мүмкіндік береді.